Астана-Вильнюс: өзара ықпалдастыққа жаңа мүмкіндіктер
28-02-2011
28 ақпан күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалисті қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды.
- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Ұйымның тарихында терең із қалдырды. Он бір жылдан кейін алғаш рет Астанада өткен саммитте Ұйымға мүше-мемлекеттер өздерінің ЕҚЫҰ-ның негізін құраушы қағидаттарды ұстанатындықтарын тағы да қуаттағаны өте маңызды. Литва Іс басындағы төраға ретінде өз жұмысын осы негізде жүргізетін болады, - деп атап өтті А.Ажубалис Президент Н.Назарбаевпен әңгіме барысында.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Литва ЕҚЫҰ-ның «үштігі» аясында Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытып отырғанын атап өтті. Әсіресе, бұл Орталық Азия аймағындағы проблемаларға қатысты.
- Қырғызстандағы дағдарыс кезінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде белсенді әрі жылдам әрекет жасап, ахуалды тұрақтандырушы рөл атқарды. Сіздің еліңіз мұндай жағдайда қалай тиімді жұмыс істеу керектігін көрсетті, - деді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте А.Ажубалис Астанада 11 жылдан соң алғаш рет өткен ЕҚЫҰ саммитінің зор мән-маңызы барын атап өтті.
- Біз ДСҰ-на Қазақстанның кіру мәселесін талқыладық. Еуроодақтың көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұл - таза бизнес үшін жағдай жасауға негіз болатын ұйым. Ең бастысы, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған 20 жыл ішінде экономикалық қарқынды дамуға қол жеткізді. Аймақта да, әлемде де елдің беделі барған сайын арта тусуде. Бизнес үшін барлық жағдай жасалуда. Қоғамдағы жағдай тұрақты. Мен сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Литва Президенті атынан тәуелсіздік күнімен құттықтауы және Қазақстанға шақырған ықыласы үшін алғыс айттым, - деді А.Ажубалис.
Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі астананың әсемдігіне өз таңданысын білдірді.
- Қазақстанның тәуелсіздігінің бастапқы кезінде қолға алынғанын ескере келгенде, астананы көшіру батыл шешім болды. Сіз өз елордаңызды, өз Астанаңызды мақтан тұта аласыз, - деді А.Ажубалис.
* * *
Осы күні А.Ажубалиспен келіссөздерді ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жүргізді.
Келіссөздер күнтәртібінде – ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының мираскерлігі және қазақстан-литва екіжақты ынтымақтастығы мәселелері қарастырылды.
Екі елдің әріптестік қарым-қатынастарының әрі қарай дамуына, қазақстандық төрағалық кезеңіндегідей, ағымдағы жылғы Қазақстанның осыған дейінгі төрағасы ретінде ЕҚЫҰ «үштігі» шеңберіндегі бірлескен жұмысы ықпал жасайды.
Литва тарапының ЕҚЫҰ-дағы төрағалығында қазақстандық басымдықтардың мираскерлігін қамтамасыз ету жөніндегі бастамасын қолдай отырып, Қ.Саудабаев Қазақстан алдағы уақытта да литвалық төрағалыққа барынша қолдау көрсете беретіндігін жеткізді.
Әңгіме барысында тараптар Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен он бір жылдық үзілістен кейін өтіп және Ұйымның жаңа – еуразиялық ынтымақтастық векторын айқындап берген ЕҚЫҰ Астана Саммиттінің нәтижелерін жүзеге асыру мәселелерін талқыға салды.
Сонымен қатар екіжақты және көпжақты ынтымақтастық, соның ішінде Қырғызстандағы ахуалды қайта тұрақтандыру және Ауғанстанды қалпына келтіру мәселелерін кешенді түрде қарастырды.
Қ.Саудабаев Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы барысында жинаған тәжірибесін қолдана отырып, ИКҰ төрағалығы кезінде де Ауғанстанға қолдау көрсетуін жалғастыра беретіндігін атап өтті. Осы орайда бейбітшілікті нығайту және әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, жаңа сындар мен қауіптерге қарсы тұру басты мәселелерін шешуде Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысуды ретке келтіру қажеттілігі айтылды.
Екіжақты ынтымақтастық мәселелерін қозғай отырып, тараптар екі елдің арасында түрлі деңгейде орнаған тұрақты және өнімді диалогты ерекше атап өтті. Сондай-ақ, екі елдің позитивті сауда-экономикалық ынтымақтастығы да аталды.
Әріптестер ү.ж. күзіне жоспарланып отырған Литва Президенті Д. Грибаускайтенің Президент Н. Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға сапарын мазмұнды толықтыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады.


