Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілін және еліміздің Австриядағы Елшісін қабылдады
07-02-2011
8 ақпан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахмановты қабылдады.
Кездесу барысында Қ. Әбдірахманов еліміздің Президентіне Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығы барысындағы тұрақты өкілдік қызметінің қорытындылары туралы баяндады.
- Мемлекет басшысы Қазақстанның 2011 жылы ЕҚЫҰ-ның «үштігінің» мүшесі ретіндегі негізгі міндеттерін айқындап берді. Бұдан басқа, мен Нұрсұлтан Әбішұлына ЕҚЫҰ-ның мүшелері Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өтетіні туралы шешімді жоғары бағалағанын баяндадым, - деп мәлім етті Қ. Әбдірахманов журналистерге арналған брифингте.
Содан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қазыхановты қабылдады. Кездесу барысында Е. Қазыханов Президентке Елшіліктің 2010 жылғы қызметі туралы баяндады.
Сол күні Мемлекет басшысының Өкімімен Ержан Хозеұлы Қазыханов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

