Еуроодақ Орталық Азиямен ынтымақтастығын нығайтпақ
29-01-2009
29 қаңтарда Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Тұрақты кеңесінің кезекті апта сайынғы отырысы өтті. Сессияда Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Карел Шварценберг сөз сөйлеп, өз елінің Еуропалық Одақтағы төрағалығының сыртқы саяси басымдықтары, сондай-ақ ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимылдың келешегі туралы баяндады.
ЕО төрағасы қызметінде Чехия басты назарды саясат пен қауіпсіздіктің мынадай негізгі төрт бағытына – Шығыс әріптестігі, Батыс Балқан, энергетикалық қауіпсіздік және трансатлантикалық қатынастарға бағыттауды көздеп отыр. Еуроодақтың ЕҚЫҰ-мен бұдан да тығыз ынтымақтастыққа ұмтылысы атап өтілді. Чех министрі екі ұйымға да бейбітшілікті нығайту, қатысушылар арасындағы ынтымақтастықты тереңдету және, қажет болған жағдайда, жанжалдан соңғы қайта қалпына келтіру тетіктерін қолдану тәрізді бірқатар ортақ мақсаттардың тән екендігін атап өтті. Сонымен бірге «ЕҚЫҰ еуропалық қауіпсіздіктің келешегі туралы мүмкін пікірталастар үшін орынды форум болып табылатыны» атап өтілді.
Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту шеңберінде К.Шварценберг ЕО-ның Орталық Азия елдерімен бұдан да тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Тұрақты кеңестің отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов Еуропалық одақтың Чехия басшылығы алдыға қойып отырған, әсіресе, орталықазиялық бағыттағы, басымдықтарын құптады. Қазақстан тарапы өзаралық мүдделер салаларының кең ауқымды жиынтығы бойынша жемісті ынтымақтастықты жақтайды. Қазақстанның ЕО-ға қатысты негіз қалаушы құжаттарының бірі – еуропалық елдермен энергетика, транзиттік көлік, технологиялардың трансферті, білім және ізгілік салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді көздейтін «Еуропаға жол» бағдарламасы болып табылады. Тұрақты өкіл осы бағдарламаның жемісті іске асырылуы барлық мүдделі тараптар үшін тиімді болатынын және әріптес мемлекеттерді аталған үдеріске белсене қосылуға шақырды.
Өзінің қорытынды сөзінде Министр К.Шварценберг ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейтудің маңыздылығы туралы тұжырымды қолдады. Ол осының қарсаңында Астанаға барған Чехия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Томаш Пойардың сапарының нәтижелі болғанын қанағаттанғандықпен атап өтті.


