ЕҚЫҰ Саммитіне түзу мәре сызығында
28-08-2010
25 тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселелері жөнінде Мемлекеттік комиссия отырысы болып өтті. Күн тәртібінің басты мәселесі ЕҚЫҰ Саммитін Қазақстан астанасында 1-2 желтоқсан аралығында өткізу дайындықтары жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 16 тамызда Ақордада өткен жиында берген тапсырмаларын жүзеге асыру болды.
Отырыс барысында Қ. Саудабаев «Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз, әсіресе Ұйым Саммитін Астанада өткізу туралы ұсыныстың бір ауыздан қолдау табуы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жетістіктерін мойындауының нышаны болып табылады. Бүгінде Қазақстан тек табысты мемлекет болып қана қоймай, сонымен қатар ғаламдық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып отырған аймақтық державаға айналды. Осының барлығы – жаңа Қазақстанның архитекторы мен құрылысшысы болып табылатын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мызғымас қызметінің нәтижесі, оны нағыз әлемдік деңгейдегі көшбасшы ретінде мойындауының белгісі»,- деп атап өтті.
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі атап өткендей «11 жылдық үзілістен кейін қазіргідей ғаламдық сындар мен қауіптер жағдайында, Елбасымыздың ұсынысымен, ЕҚЫҰ Саммитін өткізудің тарихи мәні мен өзектілігін асыра бағалау мүмкін емес. Президент айтқандай – Саммитті жоғары мазмұнды және ұйымдасқан деңгейде өткізу біз үшін енді үлкен құрмет және үлкен жауапкершілік»
Осы орайда, отырыс барысында, осыншама халықаралық деңгейдегі форумды Астанада өткізуге байланысты дайындық мәселелері жан-жақты қарастырылып, тиісті мекемелер басшыларына нақты тапсыомалар жүктелді. Сонымен, 100 күнге жетпейтін уақыттан соң Қазақстан астанасы 56 мүше-мемлекет және ЕҚЫҰ-ға әріптес болып табылатын 12 елдің көшбасшыларын, сонымен қатар негізгі халықаралық ұйымдардың жетекшілерін қабылдайтын болады.

