Қанат Саудабаев пен Хилари Клинтон стратегиялық әріптестікті нығайту жөніндегі ортақ ниеттерін қуаттауда
27-01-2011
26 қаңтарда Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Вашингтондағы сапарының екінші күні барысында АҚШ Мемлекетік хатшысы Хиллари Клинтонмен келіссөздер жүргізілді.
Екі жақты ынтымақтастықтың қарқынды даму сипатына көңілдері толатындықтарын білдіре отырып, қос елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары 2010 жылы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Ғаламдық Саммиттің шеңберіндегі келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген Н.Назарбаев пен Б.Обама Президенттерінің келісімдерін мерзімге сай жүзеге асыру маңыздылығын атап өтті.
Осы ретте Қ.Саудабаев пен Х.Клинтон «екі елдің стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мен тереңдетуге аса мүдделіліктерін» танытты. Екі жақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі кең ауқымды өзекті мәселелер бойынша пайымды пікір алмасулар барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаһандық таратпау режимін орнықтыру саласындағы Қазақстанның көшбасшылығына, әсіресе әлемдік қоғамдастықтың Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық жағынан қайтадан қалпына келтіру бағытындағы талпыныстарына Астананың белсенді түрде практикалық қатысуына алғысын білдірді.
Экономикалық ынтымақтастық саласында әңгімелесуші тараптар Қазақстанның ӘСҰ-на кіру жөніндегі екіжақты келіссөздер процесін ілгері жылжытуда айтарлықтай жетістіктер бар екендігін атап өтті.
Астанадағы «Назарбаев Университетінің» ашылуын ескере отырып тараптар ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігіне назар аударды. Мұндай өзара әрекеттестіктің практикалық мәселелері АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің алдағы Қазақстанға жасайтын сапары барысында талқыланбақ.
Сонымен бірге, Х.Клинтон адам саудасына қарсы күрес саласындағы Қазақстан үкіметінің қызметіне жоғары баға беріп, АҚШ Әкімшілігінің аталмыш саладағы екі жақты ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ Президенті Б.Обаманы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғанын тағы да растады. Сонымен қатар, Қанат Саудабаев кездесу шеңберінде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша екіжақты ынтымақтастықты және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтқаны үшін Хилари Клинтонға бірінші дәрежелі «Достық» Орденін салтанатты түрде табыс етті.
Ислам Конференциясы Ұйымының министрлік конференциясына Қазақстан Республикасының алдағы төрағалығы аясында Қ.Саудабаев АҚШ-тың ИКҰ-дағы арнайы өкілі Рашад Хуссайнды қабылдады және онымен «Ислам әлемі - Батыс» диалогының қазіргі жағдайы мен тараптардың ары қарай жақсару мақсатындағы өзара ықпалдастық болашағын талқыға салды.
Сол күні Қ.Саудабаев «Eisenhower Group, Inc» Президенті Сюзан Эйзенхауэрмен, «Коноко Филипс» және «Хэлибертон» компанияларының басшылары Джеймс Малво және Дэвид Лезармен кездесіп, АҚШ «ми орталығы» өкілдері және қазақстан-американдық іскер ассоциациясының мүшелері алдында сөз сөйледі.
Х.Клинтонмен келіссөздер өткізгенге дейінгі Қ.Саудабаевтың сөйлеген сөзінен үзінді
«Бұл біз үшін біздің ынтымақтастығымыздағы айтарлықтай елеулі болған өткен жылдың қорытындыларын жасап, жаңа жылға жоспарлар құруға керемет мүмкіндік береді. Менің пікірімше, Сіздің Мемлекеттік хатшы ретінде қазақстан-америка әріптестігінің нығаюына, біздің көшбасшыларымыз Н.Назарбаев пен Б.Обаманың қол жеткізген келісімдерін жүзеге асыруға бірлесіп атқарып жатқан қызметімізге қосып отырған үлесіңіз қазақстан-америка қарым-қатынастарын ілгері дамытуға берік іргетас негізін қалауда. Бүгінгі күн мен үшін өте маңызды күн екенін тағы да атап өткім келеді. Себебі, мен бүгін Сізбен – керемет тұлға, көрнекті саясаткер, дипломат және бүгінде Америкаға және жер бетіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне қызмет жасап жүрген Америка патроиотымен кездесіп отырмын».
Қазақстан СІМ-нің ақпараты. Видео АҚШ Мемлекеттік департаментінің YouTube арнасымен байланыстырылған

